Қырғызстанда жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелген 1413 әйел «Батыр ана» орденімен, алты баласы бар 1232 әйел «Ана құрметі» медалімен марапатталды. Мұндай жарлыққа президент Садыр Жапаров 17 мамырда қол қойды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Былтыр қарашада ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев таулы және ауа райы қатал аймақтарда тұратын жеті баласы бар отбасыларға әрқайсысына – 1 миллион сом (11,4 мың АҚШ доллары), тоғыз баласы барларға – 1,5 миллион (17,1 мың АҚШ доллары), он баласы барларға 2 миллион сом (22,8 мың АҚШ доллары) берілетінін мәлімдеген.
Қырғызстанда жеті және одан да көп баласы бар аналарға «Батыр ана» атағы беріледі.
Елде 1992 жылдан қазірге дейін «Батыр ана» орденін алғандардың саны 40 мыңға жуықтаған. Олардың арасында зейнетақыға құқығы жоқ тек әлеуметтік жәрдемақы алатындар да бар. Олардың жәрдемақысын көбейту мәселесі парламентте бірнеше рет көтерілген.
Қырғызстанда "Аналар күні" мерекесі жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде тойланады, бұл жолы 18 мамырға сәйкес келген.
Қырғызстан халқының саны 7 миллионнан асты.