Санкт-Петербургте қазақстандық студент ұсталды

Петербургтің күштік құрылым өкілдері "терроризмді насихаттады" деген күдікпен шетел студентін ұстады. Бұл жөнінде Петербургтің тергеу комитеті басқармасы хабарлады.

Тергеу органдарының айтуынша, ұсталған студент қаңтар-ақпан айларында "Жұмысшылар билігі" ұйымының съезінде "терроризмді ақтайтын ұрандар" көтерген. Тінту кезінде одан "пропагандистік әдебиет" тәркіленген. Ведомство шетел студентінің қай елден келгенін айтпады.

"Ротонда" сайтының жазуынша, ұсталған адамның аты-жөні – Гарри Азарян, 23 жаста, Қазақстан азаматы. Құқық қорғаушылардың дерегіне сүйенген күштік құрылым өкілдері студенттер Олег Рубиш, Ирада Ибрагимова, Денис Коваль және Кириллдің (тегін айтқан жоқ) пәтерлерін тінткен. Соңғы аталған адамның соққыға жығылғаны да хабарланды.

Ақпаратқа қарағанда, Азарян студенттердің бейресми жиынында “революция, таптық жеккөрушілік, көшенің күші” туралы айтқан. Тергеушілер оның бұл сөзінен мемлекеттік құрылымды күштеп өзгерту мен билікті ауыстыруға шақыру белгілерін көрген.

"Жұмысшылар билігі" ұйымы туралы сәуір айының соңында Ресейдің билікшіл басылымдары жазған. РИА Новости сұхбат алғандардың бірі "Жұмысшылар партиясын"" Ұлыбританиядан басқарылатын және жағдайы жақсы жұмыс істемейтін студенттерден жасақталған студенттер тобы" деп сипаттаған.

13 мамырда петербургтік күштік құрылымдар Silver Machine тобының вокалисті Алексей Сидоровты "Жұмысшылар билігінің" мүшесі деп атаған. Оның "құдай үшін, жылы-жұмсақ өмір үшін, Газпром үшін, Tinkoff үшін өлетін сәт келді" деген сөздері бар сатиралық "Zа наших" әніне "жеккөру қоздырғаны үшін" айыппұл салынды.